Шәкәрім мұрасы ұрпағымыздың түбегейлі тірегі
Шәкәрім мұрасы ұрпағымыздың түбегейлі тірегі

Қазіргі жаһанданған заманда әртүрлі пиғылды жат діни ағымдар өз ілімдерін қоғамда да, әлеуметтік желіде де шарпу үстінде. Адам бойындағы асыл қасиеттер оның қоғамда тұлға болып қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Осы тұста біздің ақын-жырауларымыз Абай, Шәкәрімнің еңбектері асыл қазынамыз болып табылады. Шәкәрімнің мұраларында өмір, тіршілік, адам, жақсы мен жаман, тағы басқа да құбылыстар мен түсініктер төңірегінде айтылар ғибратты сөз көп.Заманды түзеудің ең бірінші шарты - адамды түзеу. Осы қағиданы терең зерделеген Шәкәрім заманға сын болып қадалар садағының жебесін ә дегеннен-ақ замандастарына бағыттайды. Жеке адамның бойындағы қисыққыңыр мінездер, салақтық, жалқаулық, сауатсыздық, боскеуделік, мақтаншақтық, араздық пен арамдық, алтыбақан алауыздық, көрсеқызарлық пен күншілдік сияқты толып жатқан келеңсіз әдет-қылықтар ақынға надандықтың басы ғана емес, қоғамның артта қалушылығының себепкері, заманның кеселі тәрізді көрінеді. Сондықтан да замандастарының мінезқұлқындағы кемшіліктерді санамалап, сынауға келгенде Шәкәрімнің ақындық қаламының өткірлігі улы жебемен пара-пар. Ол қазақ арасындағы экономикалық артта қалушылықтың, рухани қараңғылықтың түп төркінін де толып жатқан осындай ірілі-ұсақты мінез көріністерінен іздейді. Ақын алдымен адамда бар еріншектікті, жалқаулықты, сәнқойлықты, салақтықты, жеңілтектікті, ынсапсыздықты, мақтаншақтықты сынайды. Өзінің “Құмарлық”, “Еріншек”, “Өкінішті өмір”, “Сәнқойлар”, “Қалжыңшыл қылжақпас”, “Бір салмойын сал келер”, “Ызақорлар”, “Бай мен қонақ”, “Шаруа мен ысырап”, “Ашу мен ынсап”, т.б. сияқты көптеген өлеңдерінде Шәкәрім аталған қасиеттерді санамалай келіп, олардың бірімен-бірінің төркіндес екенін, астасып, сабақтасып жататынын әшкерелейді.
Олардың кейбіреулеріне көз жіберелік:
Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан !
Адамның адал ұлы болам десең,
Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең.
Тауып айтқан татымды сөз құтқарар,
Көз байлағыш сайтанның сағымынан.
Әсіресе ақын “таза адам”, “таза ақыл”, “таза дін” ұғымдарын бәрінен биік қояды.Рухани тазарудың жолын аталмыш қасиеттерден іздеген ол қоғамдағы жеке адамның тұлғасына, яғни “таза адамға” келгенде нақты алты қасиетті былайша “ноқталап” береді:
Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық -
Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.
Шәкәрім өмір азабының адам тіршілігінің атрибуты бола алмайтынын дәләлдейді. Өмір қанша азапты, қайғылы болса да, адам тіршілігінде оны жеңу үшін күреседі. Адам баласы ол азаптан құтылуға тиіс. Оған жетудің, адам өмірін түзеудің, сол арқылы “таза адам” қалыптастырудың ең керек құралдары жоғарыда аталған алты қасиет. Олар жоқ жерде “таза адам” да жоқ, мәнді өмір де жоқ.
Шəкəрімнің дін жайында айтар ойы айқын. Ол ешбір дін қиянат жаса, дұшпан бол демейді деп отыр. Ендеше, кінə дінде емес, сол дінді ұстанушылардың оның түп мағынасын түсінбей, дінді қолшоқпарға айналдыруында. Сөйтіп есіл дін бұзылады дейді. Яғни кемшілік дінде емес, діншілдерде болып отыр. «Құран сырын түсінбей бұрса дағы, жасырылмай жарқырап тұр керемет. Жаман тəпсір жайылып жер бетіне, дін десе тұра қашты есті азамат» дейді Шəкəрім. Білімділердің, есті азаматтардың діннен тұра қашуының негізгі себебі жаман тəпсірде деп отыр. Дін мен діншілер туралы Шəкəрімнің пікірі осындай. Қоғамда болып жатқан жат ағымға кету, өзге ағымды қабылдау барлығы ол адамның фундаменті дұрыс қаланбағандықтан. Фундамент деген ол осы ақын-жазушылардың қалдырған еңбектері. Осы еңбектер арқылы сусындасақ басқа ағымға кету мүмкін болмайды деп сенеміз.

 

 

 

М.К.Тлеуғазықызы

Абай облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы

Какибаева МолдирКакибаева Молдир
1 жыл бұрын 2142
Пікір білдірілмейді.
Блог туралы